17 Қазан 2019
125

«Тұңғыш Президент жолы» халық экспедициясы ұйымдастырылмақ

Өңірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президент әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде болып, оқытушылармен кездесті. Ең алдымен «Ғылым және өнер» деп аталатын көрмені тамашалаған Жансейіт Қансейітұлы білім ордасындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасына қарасты ғылыми сарапшылық кеңес мүшелерінің жұмыс барысымен танысты.

 

 

Бұдан кейін Жансейіт Түймебаев «Uniserv Medical Center» көп салалы клиникасына табан тіреді. Заман талабына сай технологиямен жабдықталған медициналық орталық қол жетімді бағаға халық игілігіне қызмет етуде. Бұл жерде пациент үшін жайлылық пен қауіпсіздік - басты орында. Балалар үшін арнайы жабдықталған ойын бөлмесі де келушілерге жақсы әсер қалдырады екен. «Uniserv» ЖШС директоры Нұрғазы Сәтпаев қонақтарды мединалық орталықтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

 

 

Аталмыш орталықтың мәжіліс залында өткен қызметкерлермен кездесуде «Uniserv» қоғамдық келісім кеңесі аясында жасалған жұмыстар баяндалды.

 

 

– Нарықта 17 жыл жұмыс жасап келе жатқан біздің компания жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға, тұрмыстан қиналып жүрген аз қамтылған отбасыларға көмектесуден көпке үлгі болып келеді. Компания тарапынан жыл сайын «Мектепке жол», өзге де түрлі акцияларға қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өз қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін назардан тыс қалдырған емес. Біздің компания «Арба», «Демеу» қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне қолдау көрсетіп, баспанадан қиналған мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларға үй сыйлады. Бұл бағытта жасалған жұмыстар өте көп, - деді «Uniserv» ЖШС-ның қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Алия Масалимова. Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев «Uniserv» ЖШС-ның басшысы Нұрғазы Сәтбаевқа «Мейірім» төсбелгісін табыстады.

 

 

«Достық» үйінде өткен өңір активімен кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өңірде қызмет ететін қоғамдық-азаматтық институттардың жұмысын сарапқа салды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы «Қазақтану», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының жүзеге асуына жоғары деңгейде үлес қосып жүргенін айтып, оң баға берді. Батыс Қазақстан Ассамблеясында жастар «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, Достық клубтары, «Мейірім шуағы» еріктілер қозғалысы, «Айбын» әскери-патриоттық клубы және «Тіл мұра» қоғамдық қозғалысы жұмыс істейді. Батыс Қазақстан Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесін құру бастамасына Елбасы қолдау көрсетті. 2012 жылы республика бойынша бірінші біздің облыста қоғамдық келісім кеңестері құрылып, саяси партиялар, ҮЕҰ, кәсіподақ ұйымдары, кәсіпкерлер мен жастарды біріктірді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кеңеске 1434 тұрғын өтініш білдірген, оның ішінде 817 өтініш иесінің мәселесі оңынан шешілген. Жалпы жыл өткен сайын қоғамдық келісім кеңестері Ассамблея жұмысының маңызды бағытына айналып келеді. Жанжалдардың алдын алу және шешу мақсатында Батыс Қазақстан облысының «медиаторлар одағы» және «қоғамдық медиаторлар одағы» құрылды. Ассамблеяның қоғамдық медиаторлар корпусына 144 адам және 31 кәсіби медиатор кіреді. Ынтымақтастық туралы 20 меморандум жасалды. Өңірде 143 медиация кабинеті және 7 татуласу орталығы (Ақжайық, Бәйтерек, Бөкейорда, Қаратөбе, Теректі, Шыңғырлау және Орал қ.) ашылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев бұл істің маңызды және жақсы тәжірибе екендігін атап өтті. Достық үйінің жанынан ашылған мемлекеттік тілді тегін үйрету курстарының маңыздылығы да Ассамблея төрағасы орынбасарының назарынан тыс қалған жоқ.

 

 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көпшілігін толғандыратын және әрқайсымызға қатысты мәселелерді шешудің практикалық бағыттары мен тәсілдерін атап өтті. Кәсіпкерлікті дамыту, отандық экономиканы ынталандыру бойынша нақты, маңызды қадамдар жасалды. Жолдаудың барлық экономикалық блогын адам-бағдарлы деп атауға болады. Ол әлеуметтік және экономикалық теңсіздікті төмендетуге, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын бекітуге және еңбекке ынталандыруды құруға бағытталған. Бұл Жолдаудың анық гуманитарлық сипатын көрсетеді. Жолдаудың аймақтық аспектісі азаматтардың өз мәселелерін өздері шешу мүмкіндігін күшейтуге бағытталған. Осы және басқа да мәселелер алдағы перспективада кеңес жұмысының нысанасы болуы тиіс. Олардың шешілуі елдегі әлеуметтік жағдайға байланысты. Бүгінде жастар еңбектеніп, кәсіп меңгергісі келмейді. Кейбір жастарымыздың еңбек мәдениеті дағдыларын жоғалтқаны ешкімге құпия емес. Сонымен қатар Қазақстанның көптеген этностары нарықтық қатынастарға бейімделу қажет. Осы тұрғыда Елбасының 2012 жылғы 10 шілдеде жарияланған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласын еске салғым келеді. Елбасы Қазақстанға экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз ету арасында оңтайлы тепе-теңдікті табу өмірлік маңызды екенін атап өтті. Біз үшін балама жалпыға ортақ еңбек қоғамының идеясы болып табылады. Бұл дегеніміз, масылдық, әлеуметтік инфантилизмге жол берілмейді, –деді Жансейіт Қансейітұлы ҚХА активімен өткен кездесуде. Ел-жұрттың көкейінде жүрген көптеген мәселелерді атап өткен Ассамблея хатшылығының меңгерушісі ауылда кәсіп ашуға ниетті жандарға көмектесу – бүгінгі күннің басты талабы екендігін атап өтті. «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында ауылдықтарға жағдай жасау үшін бағытталып жатқан қаржыны қоғамдық келісім кеңестерінің тарапынан бақылауға алуды тапсырды.

 

 

Жиында Үкімет конституция мен Ассамблеяның 25 жылдығын атап өтуге ұлттық жоспарды бекіткені туралы айтылды. Бұл бағытта мерекелік медальдар, естелік белгілер, мерекелік монеталар және пошта маркалары шығарылмақ. Сонымен қатар, барлық өңірлер мен шет елдерде «Тұңғыш Президент жолы» халық экспедициясы ұйымдастырылмақ.  Оны іске асыруға Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым, мәдениет және спорт министрліктері тартылатын болады. Жоба Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың ерен еңбегін қоғамдық санада бекітуге, Елбасының бағдарламалық тұжырымдамалары негізінде біріктіруші құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Аталмыш жоба 2020 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында өтеді деп жоспарлануда. -Келер жыл – Еріктілер жылы. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Сондықтан жас тұлғалаларды көбірек қолдауымыз қажет. Достық үйі – Ассамблеяның волонтерлық қозғалысының орталығы болуы тиіс. Бұл жұмысқа «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы тартылсын. Жастармен жұмыс істеу арқылы олардың мәселелерін шешіп,  ынталандырып,  алға жылжуға жәрдемдесуіміз керек. Оларды көтермелеу мақсатында түрлі марапаттарға ұсынған жөн, - деді жиынды түйіндеген Жансейіт Түймебаев. Жиын соңында Ассамблея жұмысына белсене араласқан Қазақстан халқы Ассамблеясының бірқатар белсенді мүшесі Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың алғысхаттарымен және «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батес Исмағулова, Теректі ауданының Достық үйінің директоры Гүлмира Қошанова, Бәйтерек ауданының Достық үйінің директоры Бибігүл Ахметжанова, Бөрлі ауданының Достық үйінің директоры Зумрад Менешева, облыстық әкім аппараты «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Жамал Ихсанова бар.