24 Қазан 2019
185

Сайқында 32 пәтердің кілті табысталды (СУРЕТ)

Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында екі пәтерлі 16 үйдің кілті табысталды. Мердігер «Жиенбай» ЖШС үйді салуды 2018 жылдың қарашасында бастаған. Әр пәтердің жалпы алаңы – 133,82 шаршы метр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен құрылыс жобасына 331, 073 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 297, 966 млн. теңге аударылған.

 

 

Ауданға барған облыс əкімі Ғали Есқалев 32 пəтердің кілтін тұрғындарға табыстап, қоныстой қуанышымен құттықтады.

 

 

– Қайырлы күн, бөкейордалықтар! Қойнауы құтқа, жайлауға малға толы Бөкей ордасы ауданына қуаныштарыңызбен ортақтасуға келдік. «Нұрлы жер» бағдарламасымен 32 отбасыға баспана берілуде. Ауданда басқа да мемлекеттік бағдарламар сəтті жүзеге асуда. «Сыбаға» бағдарламасымен жергілікті шаруалар 400-ден астам асыл тұқымды мал сатып алды. Инвестсубсидия көмегімен тракторлар мен ауылшаруашылық техникаларын сатып алуда. «Еңбек» бағдарламасымен кəсіп бастаймын дегендерге 182 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Аудандағы 571 отбасыға 300 миллион теңгеге жуық əлеуметтік көмек қаржысы берілуде. «Ақбұлақ» бағдарламасымен аудан тұрғындарының 83 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Биыл Тайқара мен Үштерек ауылдарына су құбырын тарту аяқталады. Аудан аумағындағы 124 шақырым республикалық маңыздағы автожолдың бойындағы үш учаске бойынша күрделу жөндеу басталды. Аталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бақылауында, – деді облыс əкімі Ғали Есқалиев.

 

 

"Нарын шуағы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова баспаналардың салынып жатқанына ризашылығын білдірді. Шарада жеке кәсіпкер Қуаныш Бірмановтың атынан мүмкіндігі шектеулі баласы бар ауыл тұрғыны Мəншүк Насимуллинаға вертикализатор табыс етілді. Вертикализаторды Оралдағы жеке кәсіпкер Біржан Қожақов жасаған.

 

 

- Көп балалы отбасы ретінде пəтерге ие болып жатырмын. Үш жылдай үй кезегінде тұрдым. Осы уақытқа дейін пəтер жалдап, қоныс аударумен жүрдік. Пəтер жалдау құны 30 мың теңгеге дейін барады. Көлік жүргізуші болып қызмет етемін. Төрт балам бар. Баспана іші жылы, жарық, екі бөлмелі, - деді пəтер кілтін алған Нұрлан Ромашев. Аудан бойынша 242 адам үй кезегінде тұр. Бүгін кілттері табысталған 32 пəтердің 5-уі бюджет қызметкерлеріне, 14-і көп балалы отбасыға, 4-уі жетім балаға берілді. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сайқын ауылында 108,5 миллион теңгеге екі пәтерлі 5 үй салынған. Үй кезегінде тұрған азаматтарға жалға берілетін коммуналдық үйлер құрылысы биыл да жалғасты.

 

 

Бұған қоса аудан орталығында қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар 26 екі пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзір. Екі қабатты 12 пәтерлі үйдің құрылысына ЖСҚ дайындалуда. Сондай-ақ Хан Ордасы және Бисен ауылдарында екі пәтерлік 4 үйдің құрылысы үшін ЖСҚ-лар аяқтау сатысында.

 

 

Айта кетейік, облыс бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасымен 17 көп қабатты үй және аудандарда 117 үй салынуда. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 17 нысанының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жобаларына 16 188,0 млн. теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін қалаларда 6 көп қабатты үйді (797 пәтер) және ауылдық елді мекендерде 49 коммуналдық үйді (283 пәтер) қолданысқа беру жоспарланған.