25 Қазан 2019
116

Оралда алғаш рет жыршы-термешілер фестивалі өтті

Оралдағы Жастар мәдениет үйінде Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры мен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұйымдастыруымен «Жыр - ғибрат» атты батыс аймақтық жыршы-термешілер фестивалі өтті.

 

 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген құндылықтарды дәріптеу, «Жастар жылы»  аясында атқарылған шараларға үн қосу мақсатында өткізілген өнер бәйгесіне БҚО, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан сегіз үміткер қатысты.

 

 

Бабаларымыз ат үстінде найзасына сүйеніп, ұлан ғайыр жерін қорғай жүріп, дәстүрлі өнерді көзінің қарашығындай сақтап, халықтың мұң-мұқтажын да қарағай қара домбырамен жеткізген.

 

 

Ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен, өңірімізде тұңғыш рет өткізілген жыр бәйгесіне жыр сүйер қауым жиналды. Жыр кешіне төл өнерімізді дәріптеп жүрген өнер жанашырлары «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» Президенті, жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің жұбайы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәмшабану Хамзақызы, қордың қызметкері, қытайтанушы, мәдениеттану ғылымының PhD докторы Жанат Зейноллақызы, қордың атқарушы директоры, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев, қордың қызметкері, журналист Жарқын Сәленұлы арнайы келді. Фестивальдің  ашылуында сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев дәстүрлі өнерімізді насихаттап жүрген жастардың көбейіп келе жатқаны, көңіл қуантатындығын тілге тиек етті.

 

 

– Соңғы кездері ұлттық өнерге ден қойған жастарымыз көбейіп келеді. Жайықтың жағасында алты қырдан ән оздырған Мұхит бабамыз бен Ғарифолла атамыздың үні қалған киелі мекенде жыр фестивалі өтуде. Домбыраны серік еткен жастар бабаларымыз мирас етіп қалдырған төл өнерімізді кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауда үлес қосуда. Бүгін аймақтық деңгейде өтіп жатқан жыр кешінің аумағы кеңейіп алдағы уақытта респуликалық, халықаралық деңгейде өткізілетініне  сенім білдіреміз. Сондай-ақ жыр бәйгесін өткізуге алыстан ат терлетіп келген қонақтарға Жайық жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіремін, - деп сөзін түйіндеді Қадырболат Қабдырұлы.

 

 

Байқау шарты бойынша әр облыстан келген бір жыршы, бір термеші өнерін ортаға салды. Ертеректе жыршылар таңды таңға ұрып жырлағаны белгілі. Бірақ бұл байқауда өнерпаздарға 10-15 минут уақыт берілді. Жыр бәйгесінде көсіле шапқандар да, сәл тартыншақтап қалғандар да кездесті. Жалпы, жас өнерпаздардың қара домбыраны серік етіп, хисса-дастандарды жаттап, оны ұғынықты, түсінікті тілмен қалың көрерменге жеткізуге шынайы талпынғандары ұнады. Өнерпаздарды әсіресе, үлкендер жағы ұйып тыңдады. Жастар жағының басым бөлігі телефонға үңіліп, кейбірі өзара әңгіме айтып отырғаны көңілге кірбің салғаны рас. Сондықтан сәби санада сақталып қалу үшін бастауыш сынып оқушыларын осындай шараларға қатыстыру керек-ау деген ой келді санамызға.

 

 

Екі сағат бойы  жыршы-термешілерге шынайы тілеулес болған тыңдарманның құлақ құрышын қандырған шара соңында барлық қатысушыларға алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталып, үздіктер анықталды. Маңғыстаулық Әзімхан Адай «Үздік термеші»,  ал жерлесіміз Фархат Оразов «Үздік жыршы» атанды. Жыр бәйгесін ұйымдастыруышылардың бірі, белгілі ақын Серік Қалиев елдігін жыр еткен, ерлігін ту еткен батыстағы батыр қазақтың ұрпағымен кездескеніне бек қуанышты екендігін ерекше атап өтті. – Белгілі ақын Қадыр Мырзалиев «Күннің нұры түспеген жерге, сөздің нұры түседі» деп айтып кеткен. Бүгін төл өнерімізді төрге оздырып, асыл сөзді әспеттеген ғибратты кеш өтті. Уақытқа қарай, заман ағымына қарай эстраданың қалқасында қалып жатқан төл өнерімізді ұлықтау үшін Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры Алатаудан арнайы Ақ жайыққа ат басын бұрып, сіздермен қауышып отыр. Рухани жаңғыру дегеніміз осы деп ойлаймын, ағайын! Өйткені қазақтың киелі домбырасын серік еткен қызжігіттердің өнері арқылы жанымыз емделіп, көңіл айнасы тазарып, рухтанып қалдық. Бұл бабалар сөзі, қазақтың асыл сөзі! Сондықтан да саф өнерді сақтап, бабаларымыздың асыл сөзін жаттап, бүгінгі фестивальге қатысып, тыңдарманның рухын көтерген қазақтың аймаңдай ұл-қыздарына көрермендер мен ұйымдастырушылардың атынан алғысымды білдіремін, – деді Серік Қалиев.

 

 

Рухани кеш соңында Алатаудан арнайы келген қонақтарға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев алғыс хаттар табыстады.