29 Қазан 2019
61

«Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы БҚО-да өтеді

Бұл жайлы бүгін облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев баспасөз брифингінде айтты.

- 2018 жылы VII «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысында алдына қара салмай, оза шапқан айтыс дүлдүлі, жерлесіміз Жансая Мусина бас жүлдені жеңіп алып, «Алтын домбыра» иегері атанғаны Ақ Жайық жұртшылығының есінде. Аталмыш жыр додасы биыл желтоқсан айында өңірімізде өтеді. Бұл – өңіріміз үшін үлкен мәртебе! – деді Қадырболат Қабдырұлы. Басқарма басшысы алдағы жылға жоспарланған мәдени шараларды да айтып өтті.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылы қазақтың дана да дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ғұлама ғалым, Шығыстың ойшылы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және қазақ хандығының бастауы болған Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы жоспарланды. Аталмыш мерейтойлық даталарды өз дәрежесінде атап өту бойынша өңірлік жоспар жасақталып, дайындық жұмыстары жүргізілуде,- дейді басқарма басшысы. Алдағы жылы – Ақ Жайық топырағында дүниеге келген қазақтың ірі эпик ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы. Осы ретте ақынның құрметіне еңселі ескерткіш орнату, Ақжайық ауданында Жұбан орталығын салу, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен республикалық ақындар айтысы, халықаралық Жұбан оқулары, «OPEN AIR» форматында гала-концерт сияқты шаралар жоспарланған.