30 Қазан 2019
84

Орынборда Сәкен Сейфуллиннің мұрасы ұлықталды

Биыл алыптар тобының өкілдері, қазақтың «Үш бәйтерек» атанған ұлылары Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің туғанына 125 жыл. Осыған орай еліміздің әр өңірінде әдеби, мәдени, ғылыми бағытта үлкен шаралар өтуде. Ұлылар тойы шетел асып та тойлануда. Түркия елінің астанасы Анкара қаласында Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтті.

 

 

Күні кеше Алаштың, Қазақ елінің алғашқы астанасы болған Орынбор қаласында ресейлік ғалымдардың бастамасымен, Орынбор мемлекеттік университетінің Оңтүстік Орал тарихы мен этнографиясы ғылыми зерттеу институты мен «Еуразия халықтары достастығы» ұйымының ұйытқы болуымен көрнекті қоғам қайраткері, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына арналған «Сәкен Сейфулиннің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Конференцияға Астана, Алматы, Ақтөбе, Орал қалаларынан және орынборлық ғалымдар мен мұғалімдер, жоғары оқу орындарының студенттері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Тыңдаушы аудитория орыс тілді болғанымен, үлкенінен жасына дейін қазақтың ұлы тұлғасы Сәкен Сейфуллин туралы ұйып тыңдаған ортаны көрдік. Баяндама жасаған Орынбор мемлекеттік педагогикалық университеті ғалымдарының Сәкен шығармашылығына деген  ерекше ықыласын көріп, тағы бір қуандық.

 

 

Поэтикалық қуаты мол тұрақты бейнелерді іздейтін болсақ, оларды Сәкен шығармаларынан көп кездестіреміз. Сәкен Сейфуллиннің Кеңес өкіметі тұсында шыққан  алғашқы алғашқы өлеңдер жинағы болғандықтан, оның төңкеріс кезінде жазған жырлары 1922 жылы Орынбор қаласында басылған «Асау тұлпар» кітабына кіреді. Бұл кітаптағы өлеңдерінің барлығы жаңа қоғам құру үшін күрес жолындағы күрес рухында жазылған жырлары еді. Осы жыр жинағындағы «Арнаудың» өзінен ақынның ішкі өр даусы мен көңіл сырын естиміз. Жаңа қоғамды еркіндікке жетелейтін күрес жолымен жүруді жастарға үндесе керек. Шығармадағы лирикалық кейіпкер асау тұлпарын кең даланы күңіренткен, көкіректі кернеген күйінде сипаттайды.

 

 

Ақын жырларындағы поэтикалық образдардың бірі – домбыра. Домбыра үні арқылы халықтың қайғы күйін сездіргендей жырлайды ақын. Домбыра күйі арқылы жан сезімінен сыр шерткізеді, енді бірде азаттық жолындағы күресте жүрген ерлердің азапқа толы және ерлік жолдарын көпке жар салуды домбыра үні арқылы жеткізеді. Сәкен поэзиясындағы символдық көркемдік-поэтикалық қолданыстар өзі өмір сүрген дәуірдегі қазақ өлеңіне келген жаңашылдығымен ерекшеленеді. Мұндай қайталанбас образды тіркестер ақында аз емес те. Классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің сөзімен айтқанда, Сәкен «тұла бойы тұңған ақын» екендігін әр туындысы арқылы дәлелдеп кетті. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Сәкеннің ақындық асуларында әр жотадан атой бергендей тәкаппар сөз үндері «жабы емеспіз, тұлпармыз», - құладын емес, сұңқармыз» деп бұрынғы өткен тарихқа, бүгінгі оянған табына дабыл ұрады. Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын, ашық. Тұтас бітімді, жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Оның шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша шын сезім, шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар – шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз Ақын жолы. Тегінде мағыналы, өрісті көш бастар, белге шығар үлкен еңбек туса осындай қайнар көзден шығуға лайық» деген бағасы ұлы ақынның қазақ әдебиетіндегі орнын айқын көрсетті де. Орынбор сапарындағы «Қазақ поэзиясындағы Сәкен Сейфуллиннің жаңашылдығы және ақын шығармаларындағы символ дәрежесіне көтерілген поэтикалық бейнелер» тақырыбындағы баяндамамыз осы бағытта жасалды.  

 

 

Сәкен мұрасы дәуір өткенмен, еш ұмытылмайды, өз дәуірінің жаршысы, кейінгі дәуірдің де қайраткер тұлғасы, азамат ақыны ретінде ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Сәкен мұрасын ұлықтау – бүгінгі буынның азаматтық парызы болып қала бермек. Ұлы тұлғаға деген өзге ұлттың да ерекше құрметін, ұлылығын ұлықтауын Орынборда бас қосқан ғылыми жиын тағы бір дәлелдегендей. Аталған конференцияның тарихи ғимаратта өтуі ерекше әсер қалдырды. Бұл ғимаратта Сәкен Сейфуллин өзі қызмет атқарған. Жай қызмет емес, 28 жасында екі үлкен жүгі ауыр қызметті қатар атқарған қайраткер. 1922 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде редактор болса, екінші үлкен қызметі Қазақ үкіметінің, Қаза АССР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы, яғни Совнаркомның төрағасы. Конференция өткен ғимаратта 1922- 1925 жылдары үкімет отырса, оны сол кезде Сәкен Сейфуллин басқарады. «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік», «кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізейік» деген ұлт үшін мәдімдеме жасаған Сәкен Сейфуллиннің бір кездері кеңсесі болған, өзі сөйлеген тарихи орында бізге де ақын мұрасы туралы баяндама жасаудың сәті бұйырды. Санаулы күн, санаулы сағаттарды тарихи сәтке айналдырған Орынбор сапарындағы бас сұққан тағы бір тарихи ғимарат Керуен сарайы мешіті. Бұл ғимарат Алаш  арыстарының табаны тиген тарихи орындардың бірі. Дәл осы ғимаратта Ахмет Байтұрсынов қызмет жасаған, «Қазақ» газетінің баспаханасы болған екен. 1842 жылы қолданысқа берілген. Бұл мешіттің салынуына Бөкейұлы Жәңгір ханның көп көмек бергенін осы орталықта  қызмет атқарып жатқан апайымыздан біраз мағлұмат алдық. Қазіргі таңда бұл мешіт башқұрт халқының мәдени орталығы боп жұмыс жасауда.