31 Қазан 2019
69

Оралда мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесі өтті

 

 

Оралда «Бәріміз бірдейміз» атты мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы облыстық шығармашылық фестивалі өтті. Қайырымдылық айлығы аясында ұйымдастырылған шараға облыстың барлық аудандарынан үміткерлер қатысты. Сондай-ақ шара барысында жұртшылық мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесін тамашалады. Үкіжан Танабаева бұл көрмеге Тасқала ауданынан келіпті. Шебер әсем бұйымдарды тек қана мал сүйегінен жасайды екен. Әрбір бұйымның өзіне ғана тән мән-мағынасы бар. Мәселен, бәйтеректе әулет тұтастығы бейнеленсе, алтын қобдиша отбасы бірлігі мен ырыс-берекенің символы іспетті. «Өнерге әуестігім бала шақтан басталды. Қазақтың төрт түлікке қатысты дәстүрлерін әжемнен естім өстім. Кейін денсаулығым сыр берген соң, осы істі шындап қолға алдым, дейді өзі.  

Үкіжан Танабаева, шебер:

– Теректі жасадым, 25 бұтағы бар, яғни мүшел жасқа арналған. Өте мағыналы. «Шежіре» деп атап, өз отауыма арнадым. Содан кейін қазақта «7» – киелі сан, 7 кәрі жілікті пайдаландым. Фестивальге қатысуға 400-ге тарта мүмкіндігі шектеулі жан ниет білдіріпті. Алайда облыстық кезеңге іріктеуден өткен 60 шақтысы ғана келіп отыр. Олар ән айту, аспапта орындау, көркемсөз оқу және қолөнер көрмесі сынды 4 аталым бойынша өзара шеберлік байқасты. «Фестивальдің ерекшелігі сонда, бұл жолы жастар мен көрмеге алғаш рет қатысып отырған жандарды тартуға тырыстық», – дейді ұйымдастырушылар. 

Жанаргүл Көпжасарова, шебер:

– Мен бұл бұйымдарды 2011 жылдан бастап жасап келемін. Қолыма түскен заттарды әсем де сапалы бұйымдарға айналдырғым келіп тұрады. Көбі – осындай киіз бұйымдар. Осындай фестивальдер бізді қанаттандырып, шабыт береді деп ойлаймын.    

Жұмажан Қосжанов, БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы:

– Бір қуанарлық жайт, фестивальдің септігі тиген болар, көптеген мүмкіндігі шектеулі жандар өзінің кәсібін ашты, қолөнер бұйымдарымен айналысуда. Жоғарғы оқу орындарына түскендері бар. Сондай-ақ спорт саласына ауысқандары да бар. Фестиваль қатысушыларының барлығы да арнайы дипломдармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Айта кету керек, өңірде 24 мыңдай мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың басым бөлігі облыс орталығында тұрады. Өмірге құштар жандар үшін арнайы сауықтыру орталықтарын көптеп ашу, күнделікті жүріп-тұруын жеңілдету – біздің басты мақсатымыз, дейді сала мамандары.