31 Қазан 2019
27

Оралда түлектер форумы өтті

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орал қаласының ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Фонд содействия научным исследованиям» қорының ұйымдастыруымен «Оралым – алтын бесігім» форумы өтті. Сан салада ел дамуына үлес қосып жүрген түлектер жетістік құпиясымен бөлісіп, жас өрендерге ақыл-кеңестерін айтты.

 

 

IT қауымдастығының директоры Петр Лежников мамандық таңдау, жаңа заманда сыни тұрғыдан ойлаудың қажетін айтса, «DESTINATION» шеттілдер мектебінің директоры Роман Лушаков ғылым-білімді игеруден жалықпау, дүниені танудың маңыздылығынатоқталды. Орал қаласындағы велосипед тебу тобының жетекшісі Андрей Карпов халық арасында спорт мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтерді. Ал планер спортының маманы Талғат Убышев қатысушы жастарды мақсатқа жетуде табанды болуға шақырды.

 

 

Кездесудің қонағы Мұрат Жәкібаев табысты кәсіпкер ретінде ғана емес, Орал өңірінің Ұлы Отан соғысына қатысу шежіресіне айналған фильмдер түсірумен айналысатын продюсерлік орталықтың құрушысы ретінде танымал. – Өмірімдегі ең жарқын сәттердің бірі – қазақтың батыры Хиуаз Доспановамен жүздесуім. Қазір бейбіт, тыныш заман. Тек білім алып, елге қызмет ететін шақ, – деді  «Белес-Агро» ЖШС компаниялар тобының кеңес төрағасы М.Жәкібаев.

 

 

Өз салаларында жетістікке жеткен форум спикерлері әр нәрсені бастаудан бөлек, жалғастыру маңызды екенін баса айтты. Олардың пікірінше, бұл жолда өз ұстанымыңа беріктік, мақсатыңа адалдық қажет.