31 Қазан 2019
32

Оралда «Өркен» комьюнити-орталығы жұмысын бастады

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Деркөл шағын ауданында ашылған «Өркен» комьюнити-орталығының жұмысымен танысты.

 

 

«Орал» спорттық кешенінің базасында орналасқан аталмыш орталық «Өркен» балалар аула клубын кеңейту жолымен құрылған. Бұл орталыққа жас мөлшеріне қарамастан, шағын ауданның кез келген тұрғыны келіп, көңілі қалаған үйірмеге қатыса алады. 50 балаға шақталған орталық жанында дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі секілді спорттық сабақтар және бисермен тоқу, оригамми, домбыра, сурет және вокал, караоке үйірмелері, қуыршақтар театры мен оқырмандар бұрышы жұмыс жасайды. Сенбі-жексенбіні қоса алғанда, комьюнити орталық күн сайын сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін балаларға тегін, кешкі сағат 18.00-ден 21.00-ге дейін ересектерге ақылы түрде қызмет көрсетеді. Уақытын тиімді өткізуді қалаған жандар 200 теңгеге бір реттік абонемент алса болады. Ал айлық абонемент құны зейнеткерлер үшін – 500, студенттерге – 1000, ересек азаматтар үшін 2000 теңген. – Халқының саны күн санап артып келе жатқан шағын аудандарда комьюнити-орталықтар ашу – заман талабы. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қызмет көрсету құны қолжетімді. Деркөл шағын ауданының аумағында үш мектеп бар. Облыс аумағында алғаш ашылған комьюнити-орталық шағынаудан тұрғындарының бәрін бірдей қамти алмайды. Аталған ауданда халықты салауатты өмір салтымен шұғылдануға баулитын әлеуметтік нысандар саны аз. Сол себепті алдағы уақытта мұндай орталықтар санын арттыру бағытында жұмыстанамыз, - деді облыс әкімі Ғали Есқалиев. Өңір басшысы сонымен қатар арнайы нормативтікқұқықтық құжаттарға қол қойылғаннан кейін облыс аумағындағы бірқатар әлеуметтік нысан кешкі уақытта ересек тұрғындар үшін ақылы қызмет көрсетуге көшетіндігін айтты. Оның айтуынша, көрсетілген қызмет үшін ақы алу қызметті тұтынушылар тарапынан жауапкершілікті арттырса, екіншіден, әлеуметтік нысанға пайда әкелуді көздейді.

 

 

Деркөл шағын ауданында тұратын ардагер Сабыржан Қалиев «Өркен» орталығының заманауи бағытта қызмет көрсететін орталыққа айналуын жергілікті тұрғындар үшін жасалған игілікті іс деп атап, облыс және қала әкімшілігіне алғыс білдірді. Ал Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебай Нығмет: «Орталықтың балаларға ғана емес, ересектерге, тіпті зейнет жасындағы азаматтарға қызмет көрсететіні қуантады. Өзім бұл шағын ауданда тұрмасам да, арнайы абонемент сатып алдым. Алдағы уақытта немерелеріммен бірге келсем деймін. Қала әкімі Абат Абайұлына теннис залының жанындағы бос орынға немерелерін үйірмелерге алып келетін әке-ана, ата-әжелерге арналған зал жасақтау туралы ұсыныс білдірдім. Ол кісі ұсынысымды қабыл алды. Алдағы уақытта ересектерге арналған залда арнайы орындықтар, үстел үсті ойындары орналастырылып, бала тәрбиесіне қатысты газет-журналдар, оқулықтар қойылады деп жоспарланды», – дейді.

 

 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Деркөл халқының жалпы саны бүгінде 18 735 адам. Шағын аудан аумағында орналасқан үш мектепте 2 634 оқушы білім алуда.