01 Қараша 2019
186

Талдыапанда мал бордақылау кешені ашылды

Бүгін Қазталов ауданының Талдыапан ауылдық округі, Қайшақұдық ауылында Мясная индустрия" ЖШС 5 мың басқа арналған мамандандырылған мал бордақылау кешенін іске қосты. Жобаның құны - 2,5 млрд. теңге.

Кешеннің ашылуына облыс әкімі Ғали Есқалиев, көрші аудандардан қонақтар қатысты.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев кешеннің жұмысына сәттілік тілесе, "Мясная индустрия" ЖШС агрохолдингінің бас инвесторы Мұқан Найымбетов кешеннің жұмысы туралы айтты.

Кешенінің қуаттылығы бір уақытта 5 100 ірі қараны бордақылауға арналған. Өндіріс технологиясы таза салмағы 200-250 келі тартатын бұқашықтарды сатып алып, одан әрі 500-550 келіге жеткізуге негізделген.

Бордақылау кезеңі 9-10 ай. Бордақыланатын малға азықты тарату жұмысы толықтай автоматтандырылған. Кешен 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта агрохолдинг қосымша 7,5 млрд. теңге инвестициялап және мал бордақылау алаңының қуаттылығын 20 мың ірі қараға жеткізуді көздеп отыр. Бұл болашақта облыста ет шаруашылығының дамуына оң ықпал бермек.