01 Қараша 2019
59

Орал өңірінен ерекше жәдігерлер табылды

 

Батыс Қазақстанда «Жайық» қалашығындағы обадан 12 үлкен кісі мен 2 баланың ерекше жерленген мәйіті табылды. Шамамен сармат дәуірінде өмір сүрген адамдар қару-жарақ, сәндік, тұрмыстық бұйымдармен қоса көмілген. Құрбанға шалынған мал сүйегі де бар. 

Қорған тоналған. Алайда темір қазандық, жебе қорамсағымен, айна, қылыш, ағаш тарақтар сақталған. Әсіресе, алтын жалатылған шыны моншақ ерекше. Бір қарағанда бозарып тұратын әшекей суға салса, жалтырап шыға келеді. Жәдігерлер 2500 жыл топырақ астында жатса да, жақсы сақталған. Қазір қорғаннан әкелінген топырақ, сүйек пен бұйымдар зерттеліп, жүйеленіп жатыр. 

Айсана Исақова, облыстық Тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері:

Қазандық осы күйінде ішіндегі сүйегімен, топырағымен табылды. Ғалымдар ішіндегі сүйектер қойдың сүйегі деген болжам жасайды. Және кесе табылды. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұлар әлі толығымен зерттелген жоқ, шетелден әкелінген ыдыс деп болжанып отыр.