05 Қараша 2019
71

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет»

Осындай тақырыппен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде танымдық кездесу өтті.

 

 

Аталмыш шараны Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Жиынға ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті жанынан құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторинг тобының басшысы Айгүл Туркина мен «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Салиева қатысып, аталмыш университеттің студенттеріне сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің тиімділігін түсіндірді.

 

 

-Бүгін біз сыбайлас жемқорлық тақырыбын сөз етпекпіз. Иә, «адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі» деген Абайдың сөзі жадымыздан шыққан емес. Алайда қоғам дертіне айналған жемқорлық жайы әлі күн күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселені түбегейлі жою мақсатында қаншама қарқынды жұмыстар атқарылды, тың жобалар ойлап табылды. Іске асып жатқан жүйелі жұмыстар нәтижесінде, тұрмыстық сыбайлас жемқорлық азайып, сыбайлас жемқорлық қатерлері, әкімшілік кедергілер төмендеді және де мемлекеттік қызмет көрсету сапасы артып, қоғам алдында ашық мемлекетке айнала бастадық. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік орнатылып, ашық диалогтар арта түсті. Ең бастысы, құқықтық сана қалыптасып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет көтерілді. Бұған дәлел ретінде халықтың мемлекеттіміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына деген сенім деңгейін арта бастағанын айтуға болады. Осы орайда сіздер, жастар жарқын болашақ үшін сыбайлас жемқорлықты болдырмауға баса ден қойыңыздар,- деді Әлия Салиева. Сондай-ақ сала мамандары басқосуда қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал ететін мән-жайлардан ада болып, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру, сонымен қатар қоғамдық бақылауды күшейтіп, еліміздің кемел болашағы үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жастар арасында насихаттауды жиі жүргізу қажеттігін жеткізді.