06 Қараша 2019
130

Педагогтар Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі «Қоғамға қызмет ету» жобасымен танысты

Шығармашылық – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеудің тиімді тәсілі. Оралда өтіп жатқан «Қосымша білім беру жағдайында білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға рухани-эстетикалық тәрбие беру» республикалық курсының қатысушылары осылай деп есептейді.

 

 

Қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары, мектептегі үйірме жетекшілері, әдіскерлер Оралдағы NIS шаңырағында болып, «Қоғамға қызмет ету» жобасымен танысты. Азаматтық жауапкершілікті дамытуға бағытталған жоба аясында зияткер оқушылар облыстың әлеуметтік мекемелерімен тығыз жұмыс жасайды. Олардың қатарында балалар ауылының тәрбиеленушілері, арнайы интернат оқушылары, қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік мекеменің тәрбиеленушілері бар.

 

 

– Біздің балалар жас достарына қыш құмыра жасап үйретеді. Бірге ән шырқайды, би билейді және түрлі шараларды атқарады, - дейді Зияткерлік мектеп педагог-ұйымдастырушы-кураторы Гүлжиған Бакаева. Мектеп командасының мүшелері «Қоғамға қызмет ету» жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Ал оқушылар достарымен бірге арт-терапия, моториканы жетілдіру үшін қол жаттығулары, тимбилдинг және тактильді кітап жасау бойынша шеберлік сағатын ұйымдастырды.

 

 

– Инклюзивті білім балаларды эмоционалды қолдауды қамтуы керек деп санаймын. Оралда біз осы бағыттағы білімімізді шыңдадық, - дейді Қарағанды облысы Сәтпаев қаласындағы оқушылар сарайының әдіскері Нұрила Қалмағанбетова. Семинар соңында зияткерлер достарымен бірге қонақтарға «NIS достарын күтеді» атты дәстүрлі концертін ұсынды. Айта кету керек, республикалық курстың қатысушылары ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылығын шыңдау, олардың мүмкіндіктеріне қарай білім беру бағдарламаларын әзірлеу, әлеуметтік бейімделуіне қосымша білім беруді ұйымдастыру, экологиялық дүниетанымын дамыту сияқты мәселелерді қарастыруда.