07 Қараша 2019
134

Оралда сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Парасаттылық мектебі» семинары өтті

Оралдағы жоғары аграрлық-технологиялар колледжінде «Парасаттылық мектебі» атты семинар-тренинг өтті.

 

 

Шара қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, адалдық пен парасаттылық қағидаларын қалыптастыру мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет» тақырыбындағы кешенді шаралар аясында ұйымдастырылды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Бисекенов семинар-тренингтің мән-маңызын атап өтіп, нәтижелі болуын тіледі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп өткізді.

 

 

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тек мемлекеттік құрылымдар емес, қоғамдық ұйымдар, мекемелер, квазимемлекеттік сектор да жүргізу керек. Семинар-тренингке қаладағы мектептердің, жоғары оқу орындары мен колледждердің жауапты мамандары шақырылды. Бұл жерде агенттіктің негізгі бағыты – еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты, барлық өңірде жүргізіліп жатқан «Адалдық алаңы», арнайы мониторингтік топтың қызметтері түсіндірілді. Жемқорлық тек пара беруден басталмайды. Ол қарапайым ғана білімсіздіктен, қызметін асыра пайдалану немесе әрекет жасамау салдарынан болуы мүмкін. Ал мұндай жағдайды болдырмау үшін өскелең ұрпақ бойында парасаттылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керек. Превенция және парасаттылық басқармасының мақсаты да осы, яғни қоғамда парасаттылықты қалыптастыру. Бір өкінішті, қазан айында өңірде білім саласы бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Олар мектеп директорына және аудандық білім бөлімі басшысына қатысты болып отыр. Қазір сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы мұндай жағдай орын алған жоқ. Қазір аталмыш мәселе бойынша білім басқармасымен жұмыстанып жатырмыз, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин.

 

 

Семинар барысында Біржан Хайруллин агенттіктің негізгі қызметі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық құжаттар жөнінде баяндады. Солардың бірі - 2015 жылы 18 қарашада қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР заңы. Бұл заң заңды күшіне 2016 жылдың 1 қарашасынан бастап енді. Сонымен қатар «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Әлия Салиева жобаның жүзеге асу барысы жөнінде баяндады. Ал ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі облыстық арнайы мониторингтік тобының  қызметі туралы топ басшысы Айгүл Туркина баяндады. ҚР СЖҚІҚА БҚО бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқармасының бас маманы Гүлнұр Мурзақаева «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобаларымен таныстырды. Семинар-тренинг соңында әр қатысушыға сертификат берілді. Олар да өз жұмыс орындарында осы бағытта жұмыс жүргізеді.