28 Қараша 2019
214

Өнермен өрнектелген өмір

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының және "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы Әсел Мәмбетованың мерейлі жасқа толуына орай "Ақжайықтан шыққан қазақтың дарынды қызы" атты шығармашылық кеші өтті.

 

 

Фойеде әртістің еңбек жолындағы өзгерістері мен жетістіктеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Мың бұралған "Ақжайық" ансамбльінің бишілері "Жайық арулары" биімен кеш шымылдығын ашқан соң, Әсел Иманғалиқызы еліне деген махаббатын Ақұштап Бақтыгерееваның "Ақжайық" атты өлеңімен жеткізді. Бейнежазбадан актрисаның шығармашылығындағы ұмытылмас сәттер мен әйгілі әнші Роза Рымбаеваның құттықтауы көрсетілді. Ұлын да театр өнеріне баулыған жанның өзі орындаған "Аман бол" әні, Данияр Исқали мен Нұржиян Хасанова жүргізген кештің көркін кіргізді. Әсел Иманғалиқызы әке мен ананың өмірден алатын орнын өлеңмен айқындап бергеннен кейін Жаңылсын Хасанова, Майра Хайдарова және Гүлмира Өтегенова Александр Зацепиннің "Мама" әнін орындады. Ән көрініске ұласты. Ананың рөлін кеш кейіпкерінің өзі ойнады. Актрисаның осы кезге дейін сомдаған кейіпкерлері айтылып, ақын Дариға Мұштанованың "Аңыз болған абысындар" спектакліндегі Сақыпжамалдың монологы оқылды.

 

 

Мәдениет және спорт министрлігінің әкімшілік-құқықтық жұмыс департаментінің директоры Ғалия Жаненова мен БҚО әкімінің орынбасары Серік Егізбаев әртісті мерейлі жасымен құттықтады.

 

 

Актриса Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті "Режиссура" мамандығының студенттерімен бірге қойылым қойғаннан кейін "Әжелер" ансамбліне қосылып, халық әні "Еркем-айды" шырқады. Кеш иесі оқыған махаббат тақырыбындағы монолог та, достық туралы өлең шумақтары да, "Жаңбырлы түн", "Жан досым", "Ауылым" әндері де, шәкірттерінің өнері де көрермендердің көңілінен шықты. Кеш соңында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева сөз сөйледі. "Nur otan" партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұловтың құттықтау хатын "Nur otan" партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова табыстаса, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың алғысын орынбасары Бақытжан Нарымбетов жеткізді.

 

 

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Дәулеткерей Құсайынов пен БҚО Мәдениет басқармасының басшысы Мұсағалиев Қадырболат құрметті қонақтардың қатарында болды.

 

 

Әсел Иманғалиқызы киелі Ақжайықта дүниеге келген. Туған жерінің құнарлы топырағын күллі қазақ еліне танытқан театр өнерінің жарық жұлдызы. Оның Сәкен Майғазиев, Әлішер Каримов, Асқар Жүнісбеков, Айдана Меденова, Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Аман Гумаров, Гүлмира Хасанова, Әсел Сайлауова сынды шәкірттері жалпақ жұртқа танымал.