28 Қараша 2019
178

Оралда Жастар жылы қорытындыланды (ФОТО)

Оралдағы мұз айдыны сарайында «Еңбек жолымен» халық экспедициясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, еріктілер жылының бастау алуы, Жастар жылының жабылуына арналған салтанатты жиын өтті. Шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысып, жиналған қауымды келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.

 

 

Мерекелік шара жастардың хореографиялық композициясымен ашылып, еріктілер қимылдар арқылы сурет салды, сонымен қатар лед экраннан еріктілердің жұмыстары көрсетілді. Одан кейін «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясының облыстық төрайымы Роза Кужекова және аудандық штаб жетекшілері сахнаға көтеріліп, жиналған қауымды аталмыш экспедиция жұмысының басталуымен құттықтап, жастардың тәуелсіздігімізді нығайтып, еліміздің өркендеуіне үлес қосатындарына сенім білдірді. Жиын барысында облыстық филармония әншілері акцияға қатысушылармен бірге Тұңғыш Президенттің сүйікті әндерін бірге шырқады.

 

 

Тарихтан белгілі 1991 жылы 1 желтоқсанда елімізде өткен бірінші сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланды. Айтулы күнді ресми мереке ретінде тойлау – Елбасымызға деген құрмет деп түсіну қажет. Биыл ел тәуелсіздігіне 28 жыл толады. Бұл аз уақыт болып көрінгенімен, жас мемлекетіміздің талай қиыншылықты еңсерген кезеңі болды. 90-шы жылдардың басында көптеген зауыт, фабрика жабылып, тұрғындар жұмыссыз қалды. Зейнетақы, жалақы, басқа да әлеуметтік жәрдемақылар дер кезінде берілмеді. Сағат сайын құбылып тұрған баға халықтың әлауқатын күрт нашарлатты. Сол кезде инфляция 1000% -ға дейін өскенін үлкендер жағы жақсы біледі. Сол кезеңдерден Елбасының сарабдал саясатының арқасында аман-есен өтіп, еліміздің дамуына жол аштық. Ең бастысы бірлігіміздің негізінде қоян-қолтық жұмыс жасап, тұрақтылық пен бейбітшілік орнаған елге айналдық. Бұл – әрбір қазақстандықтың еңбекқорлығы мен елжандылығы арқасында деп білеміз, - деді Ғали Нәжімеденұлы

 

 

Облыс басшысының баяндауынша, Жастар жылында облыста мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға 500 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жұмыспен қамту шараларымен 7 000 жас қамтылды. «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде 1000-нан астам адам кәсіпкерлік дағдыларына оқыған оларға 251 млн. теңгенің 500 гранты берілді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 645 жас маман 269 млн. теңге көлемде көтермеақы алған, сол жастардың ішінен 461-і тұрғын үй алуға 1,6 млрд.теңге шамасында несие алған.

-Алдағы жылды Мемлекет басшысы Еріктілер жылы деп белгіледі. Бұл да сіздердің жылыңыз! Волонтер – бұл ерікті деген ұғымды береді. Шетелдерде ерікті болу құрметті іс саналады. Еріктілер қозғалысы – бұл өркениетті әлемнің өмір сүру салты. Облыста 57 еріктілер ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 10 000-нан астам ерікт3 бар. Сіздер, жастар өкілдері, мектептерде, оқу орындарында, кәсіпорындарда және ауылдық округтерде игі істерді жалғастыра бересіздер, - дей келе қазақстандықтардың, оның ішінде жерлестеріміз - еңбек ардагерлерінің, Ассамблеяның белсенділерінің «Тұңғыш Президенттің жолдарымен» халықтық экспедициясын, яғни қиындықты жеңу, жасампаздық жолын ұйымдастыруға бастама көтергенін мәлімдеді. Одан әрі облыс басшысы бүгінде Қазақстанды халықаралық қауымдастық мойындағанын, әлемдік қауымдастықтың елімізді демократиялық және бейбітшілік сүйгіш мемлекет деп танитынын, оған қоғамның үйлесімді дамуының жаһандық стандартына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесінің зор екенін айтты. «Қазақстан халқы Ассамблеясы 25 жыл ішінде кеңестік құрылымнан кең өкілеттіктері бар кеңесші құрылымға дейін өсті. Осы жылдар ішінде Ассамблея еліміз үшін көптеген маңызды шешімнің бастамашысы болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен ел Президентінің өкілеттіктерін кеңейту және Конституцияның жаңа редакциясын қабылдау туралы референдум өтті. Этносаралық және конфессияаралық келісім моделіміз - Қазақстанның әртүрлі этностар мен конфессиялардың өзара ісқимылының жаһандық процесіне қосқан үлесі. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық кеңесінде облыстық Ассамблеяның жұмысы жоғары бағаланып, оның тәжірибесі таратуға ұсынылды. Бұл залда отырғандардың бәрінің жұмысының нәтижесі», - деді Ғали Есқалиев. Облыс басшысының баяндауынша, Ақ Жайық өңірінде 86 этникалық топтың өкілі - орыстар, татарлар, украиндар, белорустар, әзірбайжандар, корейлер, армяндар, дүнгендер, ұйғырлар, немістер, еврейлер, шешендер және басқалар бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Тәуелсіздігіміздің арқасында өз тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, одан әрі дамытуға жол ашылды. Өткен ғасырдың 90- жылдары Орал шаһарында тек оқушылардың 5%-ы қазақ тілінде оқыса, бүгінде бұл көрсеткіш 70%-ға дейін өскен. Сондай-ақ облыс әкімі ұлттық кодымыздың айқын көріністерінің бірі ұлттық өнер мен дәстүріміз екеніне тоқтала келе, биылғы «Алтын домбыра» ақындар додасын Ақжайық өңірінде өткізілетін айтты.

 

 

Жиында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауының және медиация саласы бойынша «Ең үздік медиатор» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Әріптестеріміз Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі Меңдігүл Фазылова, қалалық «Жайық үні» газетінен Кәусар Байғалиева, «Қазақстан республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ-ның БҚО филиалы «AQJAIYQ» телеарнасының жүргізушісі Лаура Бекболатова, БҚО ҚХА журналистер клубының мүшесі, қалалық «Пульс» газетінің фотокорреспонденті Оксана Каткова, республикалық «Литер» газетінің тілшісі Оксана Дементиевская, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева үздік мақалалары үшін марапатталды. Сондай-ақ облыс басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығының бастау алғанын білдіретін эстафеталық кітапты қала әкімі Абат Шыныбековке табыс етті.