09 Қантар 2020
167

Мәжіліс депутаттары Бөрлі ауданында

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжан Жамалов пен Снежана Имашева Бөрлі ауданында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Былтыр ғана іске қосылған азот зауытына аялдап, "Аманат" шаруа қожалығы мен "Конденсат" кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Алдымен депутаттар "Конденсат" кәсіпорнын көрді. Айта кетелік, құрамына дизель отынының компоненттерін гидротазарту қондырғысы кіретін "К5" экологиялық класты дизель отыны жобасын іске қосқан кәсіпорынның шикізатты сараптау жұмысында да артықшылық көп. Әрі ол кеден одағының техникалық регламенттеріне және барлық мемлекеттік талаптарға сәйкес келеді. Мұнда 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылса, оның 92 пайызы жергілікті тұрғындар. Бүгінде кәсіпорын ірі салық төлеуші ретінде және тұрақты жұмыс орнын ұсына отырып, еліміздің экономикасының дамуына зор үлес қосуда. Кәсіпорын өндірісті жаңартуға, кеңейтуге және жаңа технологияларды енгізуге ерекше мән беріп отыр. Кешенді жұмыс өз нәтижесін беріп, кәсіпорын тұрақты даму үстінде. Алдағы жоспар да ауқымды. Тек кәсіпорын алдындағы басты мәселе - шикізат тапшы.

- Бөрлі ауданында жылдан жылға экономикасы дамып, халықтың күнкөріс деңгейі жақсаруда. Бұл зауыттың алғаш ашылуы менің көз алдымда. Қазір түбегейлі өзгеріп, құрылғылардың барлығы заманауи жабдықтармен қамтылған. Біз отандық кәсіпорынның өркендеуін қолдаймыз. Шикізат мәселесін шешуге атсалысамыз, - деді Парламет  Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.

Халық қалаулылары "RT ALLIANCE" ЖШС сұйық азот өндіретін зауытқа да барды. Жергілікті жерде олар өндіріс барысымен танысып, жұмысшылармен кездесіп, еңбек тынысынан хабардар болды. Зауыт сағатына 500 келі, ал тәулігіне 15 тоннаға дейін өнім шығарады. Кәсіпорын шығарған отандық өнім тек Қарашығанақ кен орнына емес, еліміздің өзге өңірлеріндегі мұнай-газ кеніштерінің сұранысын қанағаттандырады. Кәсіпорын ағылшын, франсуз, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі танымал компанияларымен тығыз қарым-қатынаста. Әрі бұл жоба аймақтық кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Жаңа технологиямен жабдықталған нысан түгелімен автоматтандырылған.

Сондай-ақ кенді өңірде мал шаруашылығының үлесі де артып келеді. Оған облыстағы бірегей жоба - "Аманат" шаруа қожалығы дәлел. Депутаттар бұл қожалықтың жай-күйімен де танысып, қожалық басшысына бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндірді. Қожалықтағы сүтті-тауарлы ферманың құрылысы да аяқталуға жақын.

Жақын күндері сараптамадан өтіп, пайдалануға берілмек. Фермада қазір 100 бас мал болса, оның тең жартысы төлдегелі тұр. Голоштин тұқымды сиырларға жақында тағы 300 бас қашар қосылмақ. Өндіріс ошағы да соңғы технология бойынша жабдықталуда. Қожалық басшысы өзге мемлекеттерде пайдаланылатын аппараттарды зерттеп, ең үздігін өндірісте іске қоспақ. Сүтті-тауарды ферма ашылған соң тұрақты түрде 25 адамды, ал маусымдық жұмыс кезінде 45 адамды жұмысқа қабылдамақ.

Шаруашылықты кеңейтуді көздеген қожалық келер жылы тағы 600 бас сиыр алып келуді көздеп отыр.

 

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz