14 Қараша 2018
557

Ербол Салықов: «Қоғамдық кеңестерге қатысты нормативтік құжаттарды жетілдіру қажет»

 

2015 жылы 2 қараша күні ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» заңы қабылданды. 2016 жылы елімізде қоғамдық кеңестер құрылды. Бұл құрылым қоғам мене биліктің арасындағы байланысты, азаматтық қоғам негіздерін нығайту бағытында маңызды рөл атқаруы тиіс еді. Қазіргі уақытта облыста 14 қоғамдық кеңес бар. Оның ішінде облыстық қоғамдық кеңес құрамына 41 адам енген. Облыстық қоғамдық кеңес 11 адамнан сайланған төралқадан және алты комиссиядан тұрады. Үш жыл сайын қайтадан сайланатын кеңес қандай жұмыстарды атқарды?

 

Бұған БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов жауап берді. Оның айтуынша, бүгінге дейін қоғамдық кеңестің кеңейтілген 21 отырысы өткен. Кеңейтілген отырыстарда облыстық бюджеттің орындалу барысы, мемлекеттік қызмет сапасы, балалардың жазғы деамлысын ұйымдастыру, елді мекендер мен көше атауларын өзгертуге қатысты мәселелер қаралды. Сондай-ақ үш мәрте қоғамдық тыңдау және бір рет қоғамдық мониторинг жүргізілген. Қоғамдық кеңес отыртарында облыс әкімі, жергілікті мәслихат хатшысы және сала басшыларының есептері тыңдалды. Төралқа мүшелерін тұрғындарды қабылдау кестесін жариялаған.

 

– Үш жыл ішінде облыстық қоғамдық кеңеске 41 ұсыныс-пікір жолданды. Оның 35-і мемлекеттік органдарға жіберілді. Алтауы облыстық қоғамдық кеңес отырысында талқыланды. Қорытындысында 21 өтініш қанағаттандырылды. Мәселен, Б.Қоспаев Жайықтың сол жақ бетіндегі лимандарға су жіберу үшін «Азынабай-Тайпақ» арнасын күрделі жөндеу қажеттігін айтты. Биыл су магистралын жөндеу жұмысының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалды, ЖСҚ-сын жасақтауға қаржы қарастырылды. Келесі жылы каналды күрделі жөндеу басталмақ. Қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Қожжанов Орал қаласы маңындағы Круглоозерный және Серебряков ауылдарындағы мүгедектер инватакси қызметіне мұқтаж екенін жеткізді. Былтырдан бастап аталған ауылдарға мүгедектерді тасымалдау жүйесі іске қосылды. Облыстық қоғамдық кеңестің ықпалымен әлеуметтік мәселелер шешімін табуда. Дегенмен қоғамдық кеңестердің қызметін жандандыруға қатысты нормативтік құжаттарды жетілдіру қажет-ақ. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелерінің 70 пайыздан астамы – қоғамдық ұйым өкілдері. Қоғамдық негізде құрылғандықтан кеңес мүшелерін шақыртқанда іссапар шығындарына бөлетін қаражатымыз жоқ. Кеңес мүшелері қоғамдық талқылауға қатысқаны үшін жалақы алмайды. Сондықтан қоғамдық кеңестің болашағына қатысты талқылаулар жүріп жататыны рас,-деді Ербол Салықов. 

 

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

zhaikpress.kz