07 Қараша 2018
536

БҚО-да биыл 274 кәсіпкерлік субъектісі ашылған

 

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жыл басынан бері кәсіпкерлердің құны 130 млн. теңгені құрайтын мүліктік құқықтарын қорғаған. Бизнесті қорғау жүйесінің пәрменінің артуына 2016 жылдан бастап Қазақстанның Бизнес-омбудсмен институтының берген әсері зор. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

 

Баспасөз мәслихатына БҚО кәсіпкерлер палатасының 2018 жылы атқарған жұмыстары мен басты бағыт-бағдары арқау болған еді. Палата директорының міндетін атқарушы Ербол Иденовтың айтуынша, биыл облыстық кәсіпкерлер палатасының араласуымен 502 субъекті өз жобаларын жүзеге асыру үшін 1 847, 5 млн. теңге қаржылай қолдау алып, жаңадан 274 кәсіпкерлік субъектісі ашылған. Ұлттық Палатаның бірден-бір нәтижелі әрі тиімді жобасы жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтушы тұлғаларды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға арналған «Бастау Бизнес» жобасы болып отыр. Биыл осы жоба бойынша 2071 батысқазақстандық білім алып, 1833 қатысушы 538 жобасымен 1,9 млрд.теңге қаржы алған. Спикердің сөзінше, әрбір үшінші тұрғын өз ісін ашуға мүмкіндік алып отыр. Ал жобаларды қаржыландыру жөнінен облыс республика бойынша бірінші орында тұр.

 

– БҚО Кәсіпкерлер палатасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп сатып алу аясында отандық тауар өндірушілерді (ОТӨ) қолдау үшін комиссия құрды. Комиссия жұмысының шеңберінде мердігер ұйымдарға жергілікті ОТӨ-нің құны 2,1 млрд. теңгені құрайтын тауары ұсынылды. Олардың ішінде отандық тауар өндірушілермен 1,07 млрд.теңгеге нақты келісім шарт жасалды. Мәселен, «СКФ Наурыз» ЖШС-ы «Баталасу» ЖШС-мен және «СП Шаңырақ» ЖШС-мен келісімшарттар жасасты. Қазір өңірімізде мемлекеттік-жеке серіктестік аясында 36 жоба түрлі сатыларда жүзеге асуда. Келісімшартқа сәйкес жергілікті бюджеттен төленетін міндетті мемлекеттік сома 2 163 407 мың теңгені құрайды, - дейді Ербол Асылбекұлы.

 

БҚО кәсіпкерлер Палатасы директорының орынбасары Нұржан Мақсотовтың айтуынша, барлық ауданда бизнес-кәсіпкерлік жақсы дамуда. Оның ішінде халыққа қызмет көрсету, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерліктің саны артқан. Сонымен қатар облыс орталығына жақын орналасқан аудандарда IT және оқыту бағытында өз ісін қоға алушылардың қатары көбейген.

 

Ясипа РАБАЕВА,

zhaikpress.kz