05 Қараша 2018
350

Оралда әлеуметтік қызметкерлер марапатталды

 

05.11.2018

 

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

 

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов  үздік сала қызметкерлерін құттықтап, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

 

-Әлеуметтік сала – халық тұрмысының индикаторы, мемлекет әлеуетінің көрсеткіші. Ал әлеуметтік қызметкер – бұл тек кәсіп иесі ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын мейірімді  жандар. Өмірлік қиындыққа тап болған азаматтарға қол ұшын созып, көмекке мұқтаж бөбектерді ортаға бейімдеуде адамға үлкен жүрек пен сабырлық керек. Бұл қасиеттердің барлығы да бойларыңызда бар деп есептейміз. Облыста 12 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Онда 1800-ге жуық қызметкер жұмыс жасайды. Елбасымыз жыл сайын Жолдауында әлеуметтік саланы баса атап өтеді. Келесі жылдан бастап факторлы баллдық шкала бойынша жалақы өсетін болады. Қиын да қажетті мамандық бойынша тер төгіп жүргендіктеріңіз үшін шын көңілден ризашылығымызды білдіре отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілейміз. Ел игілігі жолында жаңа табыстарға жете беріңіздер,- деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

 

Салтанатты шарада бірқатар сала үздіктері марапатталған болатын. Айта кетсек, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін Қазталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Әлия Жұмағазиева, Зеленов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар  бөлімінің  ардагері Елена Кирова, сондай-ақ «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісін  облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Есқақова, аталмыш басқарманың бас маманы Ирина Игнатова мен Зеленов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Галина Жучкова иеленді. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Құрмет грамотасымен» «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының дефектологы Бақтыгүл Әбілхатина және «Көшім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының палата санитары Нина Сандалова марапатталды. Ал облыс әкімінің «Алғыс хатына» әлеуметтік қызметкерлердің үшінші республикалық конкурсында жеңімпаз атанған «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының дефектологы Бибігүл Жартыбаева, Бөрлі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ольга Басимова, Бөкей ордасы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Әбілқайырова мен «Демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов секілді бірқатар сала үздіктері ие болды.

 

-Әлеуметтік қызметкер болу үшін адамға ең бірінші сабырлық керек. Әлеуметтік салада қызмет етіп жүргеніме биыл 11 жыл. Бүгінде «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы бүлдіршіндердің сөйлеу қызметінің кемшілігін түзеу үшін еңбек етіп келемін. Бұл орталықта 44 бала оңалту-сауықтыру қызметін қабылдап жүр. Олар психо-неврологиялық, церебральды сал ауруына шалдыққан. Сал дерті бойынша бөбектер бір жарым жастан бастап қабылданады. Оларды қабылдап алған сәттен бастап құнарлы тағаммен тамақтандырып, таза ауаға шығарып, оқыту, емдеу-сауықтыру жұмыстарын жүргіземіз. Орталықта 70-ке жуық қызметкер бар,-дейді әлеуметтік қызметкер Бибігүл Жартыбаева.

 

Гүлсезім БИЯШЕВА,

zhaikpress.kz