05 Қараша 2018
579

БҚО әкімінің орынбасары жеке мектептерді аралады

 

05.11.2018ж

 

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадыровамен бірге   қаламыздағы жеке мектептерді аралап, жағдайымен танысты.

 

Ең алдымен Х.Қапанов атындағы халықаралық гимназияға табан тіреген Ғабидолла Абдоллаұлы мектеп директоры Баян Мектепқызымен тілдесіп, болашақ жоспарлары туралы әңгімелесті. Бұл білім ұясында  оқушының таңертеңнен кешке дейін білім алуына толық жағдай жасалған. Мұнда  әзірге 1-4-сынып аралығындағы 84 оқушы оқып  жүр.

 

- Елбасымыз білім саласын дамытуға баса назар аударып келеді. Алдағы жылдан бастап қаламыздағы жеке мектептерде жан басына қаржыландыру жүйесі енгізіле бастайды. Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізудің нәтижесінде білім ошақтарының арасында бәсекелестік дамиды, өйткені оқушылар мен олардың ата-аналарында жақсырақ мектепті таңдауға мүмкіндік пайда болады. Бұл жағдайда  мұғалім басты тұлғаға айналады.  Ең бірінші кезекте мектептің менеджменті мықты болуына, білімнің жоғары сапасына мән берілмек,  - дейді Ғабидолла Абдоллаұлы.

 

Мектеп директоры Баян Мектепқызының айтуынша, алдағы жылы ғимарат жанындағы бос тұрған жерге орта мектеп пен колледж салу жоспарда бар. Бассейн, асхана, спортзал, заманауи техникамен қамтылған сыныптарды аралап шыққан Ғабидолла Абдоллаұлы мектеп басшысынан қандай мәселе бар екендігін сұрап,  жергілікті атқарушы билік тарапынан әркез қолдау болатындығын жеткізді.

 

Бұдан соң «Талап» АҚ гимназиясы және шағын орталығы, философиялық бағыттағы орта білім беретін мектеп, алдағы жаңа оқу жылынан бастап, қайта жандандырылатын  ақпараттық технологиялар мектеп лицейін аралап, жан басына қаржыландыру жүйесінің тиімді жақтары туралы кеңінен мәлімет берді.

 

Ұққанымыз, жан басына нормативтік қаржыландыру «Ақша оқушының соңынан жүреді» қағидасына негізделген. Бұл жерде әр мектеп оқушыдан айырылмауға тырысады. Өйткені оқушы неғұрлым көп болса, мемлекеттен қаражат та мол бөлінбек. Нәтижесінде білім беру процесінің сапасы жоғарылайды, өйткені оқушылардың кетіп қалу қаупі мектеп әкімшілігі мен жергілікті билік құрылымдары үшін мектептегі мұғалімдер құрамын, материалдық базаны және оқу жағдайын жақсартуға түрткі болады. Сондай-ақ  мектептерде педагогикалық қызметкерлердің білім беру қызметінің сапасы мен  нәтижесіне қарай сыйақылар төлеуге де мүмкіндіктер жасалмақ. Жан басына қаржыландыру жағдайындағы педагогтердің еңбегін ынталандыру жас оқытушыларды мектептегі жұмысқа тартуға мүмкіндік береді. Өйткені жас мұғалім, жұмыс өтіліне қарамастан, сапалы қызмет атқарса, лайықты жалақы алады. Бұл тәжірибелі мұғалімдер үшін де өзін-өзі жетілдіруге себеп болмақ.

 

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ

zhaikpress.kz