30 Қазан 2018
681

Оралда студенттер арасында ХVІІ республикалық олимпиада өтті

 

30.10.2018ж

 

Оралда бірінші рет Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің ұйытқы болуымен өткен экономикалық мамандықтар бойынша студенттер арасындағы ХVІІ республикалық олимпиада өтті.

 

«Инновация және экономиканы модернизациялау» деген тақырыппен айдарланған олимпиаданың іріктеу кезеңіне еліміздегі ЖОО-лардан 25 команда өз жобаларымен қатысып, бақ сынады. Әділқазы алқасының шешімімен олардың 9-ы ғана іріктеуден «аман-сау» өткен.

 

Өткен жылы Қарағанды қаласында ұйымдастырылған олимпиадада БҚИТУ-дың 3-4 курс студенттерінен құралған командасының мерейі үстем болып, 1-орын алған болатын. Енді олимпиаданың ережесі бойынша жеңімпаз команда өздерінің оқу орнында олимпиада өткізіп, қонақтарды қабылдады. Аталмыш университеттің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Раушан Ғабдуәлиеваның айтуынша, Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында бес жыл ішінде ғылым және өзге де салаларға барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу керектігін көрсетті. Сондықтан мұндай шара талантты жастарды анықтап, қолдау көрсетуді, студенттер мен жас ғалымдарды ғылыми мәселелерді шешуге тартуды, сондай-ақ жастардың ғылыми жұмыстарға қызығушылығын арттыруды көздейді.

 

Олимпиадаға қатысушы командалар арасынан әлеуметтік жобасымен келген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің командасы 1-орынды, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік және Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университеттерінің қыз-жігіттері 2-орынды, М.Өтемісов атындағы БҚМУ және С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті,  М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының командалары  3-орынды иеленді.

 

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

zhaikpress.kz