30 Қазан 2018
583

Өндірістегі жастар тәжірибелерімен бөлісті

 

30.10.2018ж

 

«ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасына қарасты «Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасында жұмысшы жастардың  конференциясы өтті.

 

жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Мержан Әбілқас «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» мен «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын талқылап, жастарға арналған жобалар туралы айтты. Сондай-ақ Орал қаласындағы «Бастау» коворкинг орталығының тиімділігіне тоқталды. Оның мәліметінше, аталмыш орталықта бойжеткендер мен бозбалалардың білім-білігін арттыратын яғни клип, видео монтаждау, фотошоп, дизайн секілді бағдарламалар бойынша шеберлік сағаттары жиі өткізіліп, жетістікке жетудің сырлары талқыланады. Бұл жас буын өкілдерінің кәсіп меңгеріп, бизнес бастауына үлкен мүмкіндік болмақ.

 

«ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының энергоменеджмент жөніндегі жетекші маманы Денис Белоглазов жас буынды еңбекке баулудағы өзіндік тәжірибесімен былайша бөлісті.

 

- «ҚазТрансОйл» АҚ – магистральды мұнай құбырларының жүйесімен қазақстандық мұнайды тасымалдайтын негізгі ұлттық оператор. «ҚазТрансОйл» АҚ компаниялар тобының өндірістік нысандары Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Компанияның құрал жабдықтары  жаңа технология бойынша жабдықталғандықтан, жас мамандарға заманауи құрылғымен жұмыс жасауды, қоршаған ортаны қорғап, энергия көздерін үнемдеуді үйретеміз. Оларға мұнай тасымалы кезінде сапаны қамтамасыз ететін ISO9001 және экологиялық ISO 14001, сондай-ақ еңбек және қоршаған ортаны сақтау бойынша халықаралық стандартқа сәйкес сертификаттардың мән-маңызын түсіндіреміз. Бүгінде магистральдық мұнай құбырларының орталық диспетчерлік пункті Астана қаласынан басқарылады,- деді ол.

 

«Орал» желілік-өндірістік диспетчерлік стансасын қоса алғанда Атырау мұнай құбыры басқармасында 196 жас маман жұмыс жасайды екен. Соған сәйкес аталмыш мекемеде жас мамандардың кеңесі де құрылған. Оның негізгі мақсаты жас мамандардың кәсіптік біліктілігін арттырып, мансаптық өсуіне қолдау білдіру және оларды қоғамдық өмірге тарту. Бұл туралы Атырау мұнай құбыры басқармасы жас мамандар кеңесінің төрайымы Алтынгүл Шәкімова баяндаған болатын. Оның айтуынша, өндірістегі жастар мемлекеттік жастар саясатын қолдай отырып, жергілікті қоғамдық-саяси өмірге, салауатты өмір салтын насихаттауға белсене қатысады. Әсіресе «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Батыс Қазақстан және Атырау облыстық филиалдарындағы жас мамандар спорттық сайыстар мен қайырымдылық шаралардан кенже қалмайды.

 

Конференция барысында мемлекеттік қызметтегі және өндірістегі жастар өзара тәжірибе алмасты. Содан соң «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасы жас мамандар Кеңесі мен БҚО жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Аталмыш құжат арқылы жастар қоғамдық өмірдегі іс-шараларын жоспарлы түрде бірігіп өткізбек.

 

Гүлсезім БИЯШЕВА,

zhaikpress.kz