25 Қазан 2018
456

Амстердамда өткен қазақ-голланд бизнес форумына «ҚПО б.в.» компаниясы қатысты

 

25.10.2018ж

 

Амстердамда дәстүрлі оффшорлық энергетикалық көрме басталды. Мұнай және газ саласындағы әлемніңалпауыт компаниялары жиналған көрме-конференцияға биыл тұңғыш рет қазақ елі атынан «ҚарашығанақПетролиум Оперейтинг» кәсіпорны қатысып жатыр, деп хабарлады «Qazaqstan» ұлттық арнасы.

 

Консорциум Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірігіп, көрме аясында қазақ-голланд кәсіпкерлерінің іскерлік форумын ұйымдастырды. 40-тан астам компанияның өкілін жұмылдыруға Қазақстанның Нидерландтағы елшілігі мен мұнай және газ саласындағы голландиялық жеткізушілердің қауымдастығы да мұрындық болды.

 

Әлемнің 600-ден астам компаниясы көрмеге мұнай және газ саласына қажет соңғы үлгідегі құрал-жабдық, техниканы самсатып қойыпты. Сол мықтылармен іскерлік қатынас орнатып, Қазақстанға инвестиция тарту мақсатында «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясы да биыл көрмеге арнайы қатысып отыр.

 

-Қарашығанақ мұнай-газ кенішін кеңейту жобасын жүзеге асыру үшін бізге қазір бірігіп жұмыс істеуге серіктестер қажет. Қазақстан нарығы шетелдіктер үшін өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені мұнда тұрақты бизнес климат қалыптасқан. Қазақ үкіметі инвестициялық ахуалды одан сайын жақсарту үшін барын салып жатыр,-дейді «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының бас директоры Эдвин Блом.

 

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының бас директорының орынбасары Марат Кәрімов көрмеге келудегі басты мақсат – үлкен компанияларды Қазақстанға әкеліп, кәсіпорындар ашу дейді.

 

Қазақ-голланд бизнес форумында БҚО әкімдігі мен Қарашығанақ команиясы өкілдері Қазақстанға инвестиция салудың тиімді жолдарын баяндады. Іскерліктің көкжиегін кеңейтуге қос тарап та мүдделі.

 

-Нидерланд елі Қазақстанға инвестиция құюда көшбасшы елдердің бірі, ірі сауда серіктесіміз. 2005-2018 жылдар аралығында Нидерланд кәсіпкерлері Қазақ еліне 80 млрд. доллардан астам инвестиция салды. Былтырдың өзінде екі жақты тауар айналымы 5 млрд. долларға жетті, -дейді ҚР-ның Нидерландтағы елшілігінің кеңесшісі Ұлан Мұхамедченов.

 

-Біз келесі жылы осы жақтан жабдықтар алып, үлкен жобаны іске асырып, жылыжай салғымыз келеді. Электр қуатын өте жақсы үнемдейтін жабдықтар арқасында жылыжай өнімдері де арзан болады,-деді БҚО әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

 

zhaikpress.kz