23 Қазан 2018
628

БҚО-да балабақшаға кезекке тұру автоматты түрде жүзеге асырылуда

 

23.10.2018ж

 

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында балабақшаға кезекке тұру автоматты түрде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, бұл  - «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылып жатқан жаңа жүйенің бірі. Елбасы биылғы Жолдауында «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл - маңызды кешенді міндет», деп атап көрсеткен болатын. Аталмыш бағдарлама жаңа технологиялар арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, экономика саласын цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруді көздейді. Қазіргі таңда Орал қаласында 2018 жылдың қаңтар айынан, Бөрлі ауданында тамыздан балабақшаға электронды түрде кезекке тұру жүйесі жұмыс жасауда. Жыл аяғына дейін барлық аудан орталықтарындағы мектепке дейінгі ұйымдарды жобаға қосу жоспарлануда. Шолпан Маратқызының сөзіне қарағанда, кезекті басқару жүйесі тұрғындарға кезекке қоюға өтініш беруге, оны өзгертуге немесе кері қайтаруға, мектепке дейінгі ұйымға жолдама алуға, басқа да істерді  электронды түрде атқаруға мүмкіндік береді. Орал қаласы бойынша кезекке garden.bilim-oral.gov.kz, Бөрлі ауданы бойынша ddo.rooaksai.kz порталдарында немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп тұруға болады. Кезекті басқару жүйесінде тіркелген өтініштер баланың өтініште көрсетілген туған жылы бойынша түрлі кезекке, ал кезектіліктің ішінде өтінішті берген күніне қарай топтастырылады. Бос орындарға жолдамалар беру жас ерекшеліктерін  ескере отырып  жүзеге асырылады. ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №172 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі (7 жасқа дейін) жастағы балаларды кезекке қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 7-тармағына сәйкес бірінші кезекте орын алу құқығы келесі санаттарға беріледі: 1) заңды өкілдері мүгедек болып табылатын балалар; 2) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және жетім балалар; 3) көп балалы отбасылардан шыққан балалар; 4) ерекше білім беруді қажет ететін балалар. Өтініштерді кезекке қою келесі талаптар бойынша жүзеге асырады: - Қазақстан Республикасы аумағында ешбір кезекте тіркелмеген өтініш; - баланың жасы 7 (жеті) жастан аспаған; - өтініш беруші баланың ата-анасы немесе оның заңды өкілі болуы. «Кезекті басқару жүйесіне өтініш беру үшін 2 ұялы телефон нөмірін жазып, ЖСН және мекен-жайы туралы мәлімет жазу қажет, өтініш беруші 15 минуттың ішінде балабақшаға кезекке қойылады. Бір тәуліктің ішінде өтініш берушіге тіркелгені туралы СМС хабарлама келеді», деді Ш.Қадырова. Айта кетейік, сайттан тек сәбилерді балабақшаға кезекке қойып қана қоймай, мектепке дейінгі ұйымдар туралы толық мәлімет алуға болады. Биылғы жыл басынан бері осы жоба бойынша мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға орналастырылды.